07.09.2019 күні Қала күніне орай Орал гуманитарлық-техникалық колледжінің 4 курс студенттері қос батыр «Исатай мен Махамбет» ескерткіштерінің ашылу салтанатына қатысты. Ескерткіш Орал қаласына Шаған өзені арқылы кіретін тұсына орнатылды. Ескерткіштің ашылуында Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының әртістері Исатай мен Махамбетті сомдап, көрініс көрсетті. Облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы Есқалиев сөз сөйлеп, қуанышты күнмен барша халықты құттықтады. Салтанатты шарада Ақжайықтың ақ шағаласы, ақын Ақұштап Бақтыгереева мен тарихшы Жаңабек Жақсығалиев сөз сөйлеп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Батырлар бейнесін керемет ашқан ескерткішті Нұр-Сұлтан қаласының мүсіншілері Серік Рустамбеков, Ринат Абенов, Ербол Зиябеков жасады. Ескерткіштің ашылу рәсімі қазақы дәстүрдегі әдемі той болып өтті. Әжелер шашу шашып, балалар кәмпит теріп мәз болса, Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының әртістері Исатай мен Махамбет сарбаздарының бейнесін сомдап, жиналған жұрттың рухын көтерді.

FaLang translation system by Faboba